ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЖОСПАРЛЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ ҚОСУДЫ ТАПСЫРМА БЕРДІ.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында инвесторлармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.

Инвесторлар химия кешенін салу (тұрмыстық химия, косметика, құрылыс химикаттары өндірісі), бизнес-процестер мен мемлекеттік қызметтерді жедел автоматтандыру платформасын енгізу, етті мал шаруашылығын дамыту жобаларын ұсынды.

Бизнес-қауымдастық өкілдері жер телімдерін бөлу мен инфрақұрылымға қатысты мәселелерді көтерді.

Аймақ басшысы бұған дейін ұсынылған инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен де танысты

Нұржан Нұржігітов «ПОШ-Тараз» фабрикасының басшылығымен шикізатпен қамтамасыз ету және импорттық жеткізілім көлемін арттыру мәселелерін талқылады.

— Инвестициялық штабтың жұмысы сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға, экономикалық белсенділікті арттыруға және халықтың табысын арттыруға, соның ішінде жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Инвестициялық келiсiмшарттарды жасау бойынша жұмысты жандандыру қажет. Тиісті басқармалар туындаған мәселелерді жедел шешуге бар күш-жігерін салып, жоспарланған барлық инвестициялық жобаларды іске қосу үшін кешенді шаралар қабылдауы қажет, деп тапсырды облыс әкімі.