Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданына жұмыс сапары барысында «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында болып, қант зауытының құрылыс барысымен танысты.

Жобаның құны 91 млрд теңгені құрайды. Заманауи зауыттың қуаттылығы тәулігіне 8 мың тоннаны құрайды. Қазір мұнда арнайы қалашық бой көтеріп, 130 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы Серік Нұрғожаев алдағы уақытта жұмысшылар саны арта түсетінін айтты.

Бүгінгі күні мердігер ұйым 800 млн теңге игерсе, жыл соңына дейін 1 млрд 200 млн теңге игерілмек. Зауыт 2023 жылы толық қуатында іске қосылады.

Өз кезегінде аймақ басшысы қант зауытының іске қосылуы ауыл шаруашылығының дамуына серпін беретінін атап өтті.

Дереккөз: Жамбыл облысының әкімдігі